Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Кулабаев Нурканат

ЖАҢА ЖЫЛ КЕШІНДЕГІ ОЙ

Болашақты бақытқа балап мәңгі,

Жаңа ғасыр, жаңа жыл таяп қалды.

Тарих атты романның шым-шытырық,

Тағы да бір тарауы аяқталды.

 

Бір тағылым тарихтан ал, ағайын,

Өткеніңді өлшейін, саралайын.

Талай-талай мықтылар балталапты-ау,

Қазақ деген даланың қарағайын.

 

Ақиқаттың ақ шықпай анарынан,

Табиғат тарс айырылды талағынан.

Менің әзиз халқымның қаны ағып тұр,

Жиырмасыншы ғасырдың жанарынан.

 

Күрт өзгеріп күшпенен дала салты,

Уланғандай ұлтымның парасаты.

Ордамызды ойрандап кетпеді ме,

Отызыншы жылдардың саясаты.

 

Тағдырымыз тіреліп қыл ұшына,

Түстік талай таразы бұрышына.

Қанша ғұмыр қиылды қан тілеген,

Қырықыншы жылдардың қылышына.

 

Күңіренген қобыз боп сынды арманым,

Кеудесінде халықтың мұң бар қалың.

Пайымдадық халықтық сана-салттың,

Тоқыраудың шыңына шырмалғанын.

 

Сауал қойды қазақтың халқы өткенге,

Жалындаған жас қазақ қан төккенде.

Сексенінші жылдардың садағынан,

Желтоқсанның жебесі жарқ еткенде.

 

… Қойнауынан шерткенде замана сыр,

Ой тұнығын тереді адам асыл.

Жақсылық пен жетеле ізгілікке,

Адамзаттың баласын жаңа ғасыр.

 

Толқынымен тағдырдың тайталасып,

Тіршілікке болғандай қайта ғашық.

Болашаққа басайық батыл қадам,

Жаңа дәуір есігін айқара ашып.

 

Серпіліспен себетін санаға нұр,

Білімділер билейтін замана бұл.

Босағаңды қайтейін, төріңді бер,

Қазақ деген халыққа жаңа дәуір!

31. 12. 99.

Категория: Кулабаев Нурканат | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 588 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: