Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Кулабаев Нурканат

ТӘҢІР ТҮСІ

Бүршігі – мұң тылсым ұғым ұйылып,

Тіршілігім жоғалтқанда қадірін

Көзімді ілем, Аллаға мың сиынып,

Түн тынысын талғажау ғып тамырым.

 

Тұла бойға бейсана күй бұйырып,

Тылсым түнде түсініксіз күшке ерем.

Ғарыш жақтан сиқырлы нұр құйылып,

(Ұйқым – ғұмыр),

Сиқырлы бір түс көрем.

 

Ер түріктің рухы оянып санамда,

Ғасырларға сапар шегем түсімде.

Көне көзбен қарап мынау ғаламға,

Жүр екенмін көне түркі ішінде.

 

Жоқ бұл жақта жан сарайдың тарлығы,

Тек ғұмыр бар тіршілікке татымды.

Мен таныған түркілердің барлығы,

Адал болып келеді әрі ақылды.

 

Ұлыс мені оғыланым деп сүйеді,

Алты әлемге атақ-даңқым дүркіреп.

Ал алты әлем маған басын иеді,

Тәңір ұлы түкті жүрек түркі деп.

 

Қас дұшпаным қырық жанын қияды,

Қынабынан қылышымды суырмай.

Тыпыршиды тұлпарымның тұяғы,

Жеті жұрттық жер танабын қуырмай.

 

Көкірегімде кетсе кесек кек қайнап,

Ұмай анам ұлықтайды ұлым деп.

Көк сүңгіде көк бөрілі көк байрақ,

Жаудың құтын қашырамын жұлып-жеп.

 

Қабылан іліп, қабырғасын оқ еттім,

Жау да бұғып, қаһарымнан үркісе.

Түсімдегі түсінік те бөлек тым,

Табиғатты талдап көрдім түркіше:

 

Жер Ананың ақ сүті екен оттегі,

Қан ойнатқан қаңқасына жанымның.

Күн деп біздің жүргеніміз көктегі,

Жалғыз көзі болып шықты Тәңірдің.

 

Түн ауғанда тұла бойым қайғы еміп,

Ояна сап аспан жаққа аңырдым.

Айғай салдым тереземнен Ай көріп,

Көзі ағып кетті екен деп Тәңірдің.

Категория: Кулабаев Нурканат | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 624 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: