Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Кулабаев Нурканат

ОРЫС ДОСҚА ХАТ…

Бәріне ортақ қара жердің үстінде,

Сен де мендей, ой торына түстің бе?

Мен Абайды, Пушкинді оқы, досым, сен,

Орыстардың Абайы ғой Пушкин де.

 

Пушкиннің  көп ертегісі алайда,

Кәміл ғой бек жете алмасы Абайға.

Сондықтан да ретін тауып қалайда,

Асықпай бір Абайды оқы, жарай ма?!

 

Біздегі тең болсын десең бас, кеуде,

Пушкинді мен, сен Абайды қастерле.

Басқа жерден орын таппай барған жоқ,

Ұлы Абайдың ескерткіші Мәскеуге.

 

Санасына нұр егем деп мұң түкті,

Ел намысын Ломоносов жыртыпты.

Жиырмасында хат таныған сол шалды

Шоқанға да теңеп жүр ғой жұрт тіпті.

 

Анау дейсің, мынау дейсің…

Рахмет!

Десек те көп

Тұлғаларың заты бек.

Байтұрсынның баласындай бірі жоқ,

Ол жақта әлі туған жоқ қой Ахмет!

 

Қайда бүгін Достық атты кешегі үн,

Басқа болып кетті ме әлде есебің?

Ресей үшін Мұқағали сияқты,

Ізгілікті жырлап еді Есенин.

 

Ақын еді бермей өткен айылға еп,

(Мұқағали, Сергей сынды жайым кеп).

Дүниеге келіп еді қайың боп,

Олар да өтті  бұл жалғаннан уайым боп.

 

Тәуелсіздік таңы атып, Жарық Күн,

Шықты маған…

Оған неге қамықтың?

Ұлы едің ғой тегі түзу халықтың,

Сол тектілік келбетіңді танытқын.

 

Тың дедің де теперішті мен көрдім,

Жайлауыма соқа салып, жерге ендің.

Сол соқаңды көзіңді ашу үшін де,

Қыртысына салам енді кеудеңнің.

 

Кең қарайтын дұшпанға да, досқа да,

Қазақстан – ай маңдайлы жас бала.

Менің жаным ауырады Отан деп,

Сенің жаның ауырады басқаға…

 

Отан үшін от кешетін пиғылың,

Жоқ.

Аңсайсың баяғының билігін.

Андасым деп бауырыма тартсам да,

Сатып кетер түрің бар-ау қилы күн.

 

Менен қашып кете аласың сен қайда?

Сенен  қашып тығыламын мен қайда?

Тағдырымыз бір арнаға телінген,

Сүй Отанды, шын көңілмен елді ойла.

 

Ата-бабаң Ресейді сүйгендей,

Сүй бұл жерді екі ұдай күйге енбей.

Содан кейін сені өзектен тепсем мен,

Ит екенсің  деші маған именбей.

 

Достық үшін қыршын кетті қанша арман,

Қат заманда қарашығын қан шалған.

Сенің атаң арып-ашып келгенде,

Менің атам қымыз беріп қарсы алған.

Сол қымыздың уытымен жарықтық,

Сенің атаң қазағым деп ән салған.

 

Бал тамызған балалайка күйінен,

Сол атаңды есіме алсам, сүйінем.

Сенің кейде үй иесін ұмытып,

Қоқаңдайтын қылығыңа күйінем.

 

Бір арманы бір арманнан ірірек,

Қазақстан – бізге ортақ құдірет,

Екі ғасыр ақылыңды тыңдап ем,

Енді мені тыңдасаңшы бір рет.

 

Томағасын Тәңір таққан қырағы,

Қазақ деген кең даланың қыраны.

Шын досымсың, бола білсең егер де,

Сол қыранның қанатының сыңары.

 

Қазақ тілін үйрен – отың сөнбейді,

Біздің достық сонда ғана өрлейді.

Қам жеме, дос, қазақ аман тұрса егер,

Орыс тілі ешқашан да өлмейді.

 

Мендік тілді менсінбесең – сол қатер,

Дос болам деп онда босқа болма тер.

Төрт түлікті қадірлеген қазаққа,

Төртінші жүз болсаң, қане, қолды әкел!

Категория: Кулабаев Нурканат | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 1041 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: