Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Есмағамбет Шынберген

Желтоқсан жаңғырығы (толғау)

Арман болған бостандығым ақ таңым,

Сымбат сұлу арай шашып атқаның,

Қымбат маған мойыңдауы ғаламның,

Жер бетінде Қазақ атты ел барын.

                                                

Тәуелсіздік биік тұрсын тұғырың,

Зерделенсін басты мәні ұғымның,

Алты алаштың көксегені табылды,

Бұршақ салып көп тілеген жоғыңның.

 

Дербестікті тіледік біз сан ғасыр,

Шыға алмадық бодауынан «жанашыр»,

Қазақ бірақ сергек жатты алаңдап,

Тұрғанында Керей,Жәнібек бек асыл.

 

Тарихтың қойнауына үңілсең,

Он бесінші жүз жылдыққа жүгін сен,

Оңтүстікте «Қазақ» деген хандықты,

Құра білген азат елдің бірінен.

 

Зая кетпей алты ғасыр төккен тер,

Бақ орнады, баба нары шөккен жер,

Хан ұлысы Қасым, Тәуке, Абылай,

Есім, Әбіл көсем болып өткендер.

 

Хандарымыз жаудан қорғап жер - суын,

Сақтап қалды орман -тоғай, бел – нуын,

Мол байлығы туысыраған аймақта,

Ие болып, желбіретті ел туын.

 

Кенесары соңғы ханы қазақтың,

Қорлығына шыдамады мазақтың,

Егеменді елі үшін бас тігіп,

Талқандады дуалдарын «тозақтың».

 

Айтпай кету зор қиянат бірлікті,

Алаш атын, көрсетілген өрлікті,

Желтоқсанда, он жетінші жылында,

Жария болған автономия елдікті.

 

Содан бері тоқсан екі өтті жыл,

Еш еленбей жұмбақ күйде жатқан құр,

Бөкейханов еңбегінің тәлімі,

Қазақ үшін жарық жұлдыз, тұңған сыр.

 

Алаш оты маздады да, жаңғырды,

Мақсат – мұрат айқындалып таң нұрлы,

Сабақтастық заңы ма, әлде үйлестік,

Желтоқсанда қайталанған мәжбүрлі.

 

Алматыда, орталықта, алаңда,

Жайсаң жандар көңіл толқып, алаң ба,

Жүздерінде желтоқсанның ызғары,

Қобалжулы бармай үйде қалған да.

 

Жалыңдаған жастарымыз жасындай,

Болат қылыш суарылған жасымай,

Орталықтың шешіміне қарсы боп,

Ыза-кегін бетке басты тосылмай.

 

-          Димаш аға кінәсі не айтындар,

-          Колбин кім ед, райыңнан қайтыңдар,

-          Пленумның қаулысына қарсымыз,

-          Сөздеріңде пәтуа жоқ, жалтаңдар...

 

Бейбіт шеру жүріп жатты осылай,

Ағылған жұрт еш нәрсеге қосылмай,

Бір уақытта көше бойы қым-қуыт,

Арандату, арпалысу басталды – ай.

 

Екі жақтың мәмлесі терістей,

Түсіністік табылмады келіспей,

Өктемдікке қарсы тұрды осы сәт,

«Менің елім» әні ұрандай беріспей.

 

Шымбайына қатты батты биліктің,

Жоғалғандай қараңғыға «бейбіт күн»,

Тұншықтырып тастау үшін күш салды,

«Особыйлар» құрамасы дейтұғын.

 

Суық  сумен «шомылдырып» ағзаны,

Жан түршігер жалғастырды жазаны,

Сүймен күрек жараласа тәніңді,

Қайсы бірі иттеріне таланды.

 

Майдан тұрды қаңға бояп алаңды,

Лас сөзбен жазып берді «жалаңды»,

Мұздай болып қаруланған жендеттер,

Шаштан сүйреп, сескендірді сананы.

 

Желтоқсанның сол бір суық күндері,

Мұрат жалғап, Алаш атын үндеді,

Бес жыл өтіп, тоқсан бірде дербестік,

Келіп жетті Тәуелсіздік – бұл енді.

 

Тәуелсіздік туы тұрсын желбіреп,

Қырда қына, жазықтарды гүл түрлеп,

Аспанымыз ашық болсын, ақ арай,

Шұғылалы таңымыз да елжреп!

 

Есмағамбет Шынберген

16 желтоқсан 2009 жыл

Қостанай қаласы

Категория: Есмағамбет Шынберген | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 1131 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: