Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Есмағамбет Шынберген

Туған жерім, мекенім

Қос жанарым, егіз көлім келбетті,

Нұрландырған мөлдіріңмен жер - көкті,

Бірің «Сулу», бірің «Мырза» болған соң,

Бас игендей ажарыңа бар мықты.

 

Мойнақ өзек жалғастырып арасын,

Күміс көлді қайда «әкетіп» барасың,

Су бетінде ескі қайық, ескексіз,

Әлі есімде «Паром» тартқан қара сым.

 

Қырғы ауыл, қызыл төбе сәнімен,

Кеңсе, мектеп, сауда үйі мәнімен,

Бәрі-бәрі, көз алдымда тұрады,

Ауылдастар, бауырластар жаны кең.

 

Кеңсе үйінен төменірек, аулақта,

Айналасы жасыл желек бау-бақша,

Барақ үйде тұрмыстаған көпшілік,

Тарап кеткен түгелімен жан-жаққа.

 

Осы жатақ қоныста мен туыппын,

Қарашаның соңын ала , суық күн,

Отыз сегіз құрбандары сол жылы

Зардабын да көп тартыпты «суықтың».

 

Балалықпен сайраң салып жүрген біз,

Тал –таяқты ат орнына мінгенбіз,

Шиырлатқан жүн допты да қуалап,

Қармақты да қолымызға ілгенбіз.

 

Әліппе оқып, асықтан да қалмадық,

«Азар» сөзін қаперге де алмадық,

Ой жүйкенің әсерлігі орынды-ау,

Үміт оты жетеледі алға нық .

 

Қыста қырдан шаңғыменен зуладық,

Айдынында коньки сырғып тұрмадық,

Балдәуренім, періштенің заманы-ай,

Шаттық билеп, сәл нәрсеге қуандық.

 

Есейген соң еңбектенер қашанда,

Болар істі алла өзі жазған да,

Арман қуып, алыстадық ауылдан,

Білім іздеп, мынау фәни жалғанда.

 

Қозғалыста уақыт мәңгі тұрмайды,

Өмір - өзен ағып алға зырлайды,

Ескекшінің күйін кешкен әр адам,

Жүріп өтер артқа тастап жыл-айды.

 

... Тағы жеттім, іңкәр жүрек басылмай,

Туған жерге құрақ ұшып, жасындай,

«Мырзакөлім» бақытымның бастауы,

Маған ыстық көрінесің асылдай.

 

Қыр төсінде құт – береке дарыған,

Айдынында қаздар жүзіп қалқыған,

Дүниенің бар асылы өзіңсің ,

Айналаң – нұр, көңілім –дүр шалқыған.

 

Өз Отанын кімдер жақсы көрмеген,

Қуанышым өң бойымды кернеген,

Сенің арқаң, жаны дарқан туған жер,

Жақсылықтың әлеміне өрлесем.

 

Есмағамбет Шынберген

20 наурыз 2009 жыл

Қостанай қаласы

Категория: Есмағамбет Шынберген | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 743 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: