Приветствую Вас, Гость
Главная » Статьи » Есмағамбет Шынберген

Қостанай туралы жыр

Тума ақындар Қостанайын жырлаған,

Мариям да, Нұрхан, Ғафу, Сырағаң,

Сөз асылын арнап осы қалаға,

Орнатыпты құрыш тастан жыр – таған.

 

Еншісінде басқаның да лүпіл жыр,

Кезең емес жыр арнамай күмілжір,

Туған күнді қарсы алады ақындар,

Өлең жазып, дастан арнап бәрібір.

 

Бағзы күнмен сараланды бүгінгім,

Үнсіз бір сәт болжамдарға үңілдім,

Асан бабам өткен ізін зерделеп,

Сабақтастық заңына да жүгіндім.

 

Қос Танайдың бағы болған құт мекен

Қойнау толы тағдырға да зат екен,

Желмаямен желіп өткен жапан түз,

Бұл күндері мекен бопты бай есен.

 

Ақ таңымен ерте оянып күн- аспан,

Су бетіне моншақ шашып сырласқан,

Сан сәуледен сергіп тұрды Қостанай,

Қарт Тобылдың жағасында жайғасқан.

 

Жұлдыз шамдар асылғандай төбеде,

Сылқым өзен жай толқиды төменде,

Күн шапағы тыныштықты реңдеп,

Биіктеумен шашып нұрын төккен бе?!

 

Жан дүние бірге тұрып дүрмекпен,

Тіршілік те басталыпты сол көппен,

Табиғаттың тылсым күші ғажап қой,

Сәйкестікті айшықтаған өрнекпен.

 

Жасыл желек көмкере орап көшеңді,

Гүлзар түрлеп, қала болдың көшенді,

Ақ қайың, тал, қарағай мен қарағаш,

Жан дауасы, биіктетті еңсеңді.

 

Су бұрқақтар атып, мөлдір асфальт –жер,

Нөсерімен күміс тамшы төселер,

Рақатқа жан мерейін қандырып,

Көркемдікті сезінген жұрт бәсе дер.

 

Жақұт тастай жарқылдайды гүл-сағым,

Орталық бақ, сауық-сайран жан-жағың,

Әсем әуен әлдилейді, арбайды,

Жаның билеп, тербеледі аймағым.

 

«Жеңіс бағы» салтанатты шағында,

Жастар жағы серуендеу қамында,

Мерекелік шаралар да қызғандай,

Боздақтардың ескерткіші маңында.

 

Тоғыстырды тағдыр ұлттар ұясын,

Зерттелуде мәдени мол мұра шын,

Дәріптеумен «Достық үйі» қашанда,

Бауырлықты, татулықты тұрарсың.

 

Асыл ойдың кеменгері,данасың,

Тар заманда кірлетпеген санасын,

Жүз отыз ұлт өкілдерін бауырға ап,

Осынша жыл қамқор болған панасың.

 

Болмаса да зәулім биік «Бәйтерек»,

Тәуелсіздік символындай мәні ерек,

Әл-Фараби, Абай атты даңғылда,

Жұп жазбаған Ақсарай көп сәнді лек.

 

Жұтаң үйлер тұрағымыз біз көрген,

Жертөлелер, көше түгел өзгерген,

Мөлтек аудан толған ұлы құрылыс,

Қаулап өскен котеждер сәнді өрген.

 

Ардақтаймын мәртебелі атыңды,

Ескермеске амалым жоқ затыңды,

Астықты өлке астанасы –Қостанай,

Өмірімнің нәрі – наның татымды,

 

«Дәнің болса -әнің» тұрар асқақтап,

Барма шіркін, молшылықтан асқан бақ,

Ел ырысы астығымыз мол болсын,

Берекелі, мерекелі асқар шақ..

 

Ез болмадық ,еншілестік елдікпен,

Қазақ жұрты жүректері кеңдіктен,

Сол жылдардың куәсіндей тұр бүгін,

Тыңгерлердің тас мүсіні дән еккен.

 

Кең көсілді өндірістік бағыттар,

Өркениет енші беріп табыстар,

Дағдарыстан- дамуға да тез жеттік,

Бетбұрысым, елдігімді танытар.

 

Кезекте көп ауқымы мол жобалар,

Қолданыста батыл шешім таба алар,

Тепловоздар жабдықтайтын зауыдты,

Кезең туды ел-жұрт болып абаттар.

 

Кен байлығым қойнауында асылып,

Мәңгі ұйықтаған әдетінен басылып,

Темірін де, алтынын да, мысын да,

Жайып салды, бұл недеген басымдық !

 

Мәдениет ошақтары тұрағым,

Адамзатқа  рух берер пірағым,

Театрлар, кітапхана үйлері,

Жан азығын байытатын ол бағың.

 

Заңғар биік асулардан көріндің,

Бал –білімнің мәні болып өрілдің,

Үздік орын иемдендің биыл жаз,

Сайысында тестілеуден ұл-қыздың.

 

Өнер- ғылым зияткерлік қорғаны,

ҚМУ, ҚМПИ мектептермен одағы,

Білімімен сусындатып жастарды,

Келешекке жарқын бастап барады.

 

Ғылым жолын дәріптеген,діттеген,

Аққан жұлдыз, ғұламалар көптеген,

Ел жұртының қажетіне жаратты,

Арман толы асылдарын көксеген.

 

Көкжиектің кең түрілген көгінде,

Атой салып, серпілгендей көңіл де,

Жаңғырықтан тұлғаланды тіл, ділің,

Дінің бүгін бой алдырмай төзімге.

 

Мешіті бар Марал Ишан атында,

Мұсылмандық мінәжаттар хақында,

Тазалығын марапаттап жан-тәннің,

Тағзым етер, бір аллахтың алдында.

 

Ардақ тұтып, дүние- жердің кеңдігін,

Батырларым асқақтатты елдігін,

Шайқастарда ерлік даңқын асырған,

Есте ұстайық майдангерлер ерлігін.

 

Жасампаздық шамын жағып маздатқан,

Ерлерім көп зейнетінен бақ тапқан,

Байлығымның ең асылы дер едім,

Адамдарым  құндылықпен жұптасқан.

 

Жыр сандықта айтылмаған сан қырың,

Сақталыпты жұмбақталып сап бұрын,

Тәуелсіздік күні туған шағымда,

Қарсы алайық , сыр ақтарып, таң нұрын.

 

Пай-пай менім Қостанайым мәңгі бақ,

Қадіріңді ешкім білмес мендей нақ,

Сенің жұпар ауаң дәрі, суың бал,

Сезіміңді сергіткенін көрмей бақ .

 

Мейірбанды Қостанайым мекенім ,

Түсінгенмін өмір жазы екенін,

Ізгілікті, ірілікті ұлықтап,

Бақытыма балап сені өтемін. 

 

Есмағамбет Шынберген

21 шілде   2009 ж

Қостанай қаласы

Категория: Есмағамбет Шынберген | Добавил: MaRa (21.12.2012)
Просмотров: 3837 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: